Қазақстан садақшылары Азия ойындарына дайындықты Алматы облысында жалғастыруда

Қазақстан садақшылары Азия ойындарына дайындықты Алматы облысында жалғастыруда
Қазақстан Республикасының садақ атудан ұлттық құрама командасы ХХ жазғы Азия ойындарына қызу дайындық жұмыстарын жалғастыруда.
Қазіргі таңда ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны Алматы облысында орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында өтуде. 19 тамыз бен 4 қыркүйек аралығына жоспарланған оқу-жаттығу жиыны барысында спортшылар алдағы Азия ойындарына жан-жақты дайындалып, техникалық және тактикалық шеберліктерін жетілдіруге бағытталған жаттығулар өткізуде.
Жиынның негізгі мақсаты – спортшылардың жарыс алдындағы дайындығын жоғары деңгейге жеткізу, спорттық бабын тұрақтандыру және алдағы басты додада ел намысын абыроймен қорғауға қажетті дайындық деңгейін қалыптастыру.
Жаттығу барысында садақшылардың ату техникасы, дәлдігі, тұрақтылығы, жарыстық жағдайдағы психологиялық дайындығы мен физикалық дайындығына ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар жаттықтырушылар штабы әр спортшының жеке көрсеткіштерін саралап, жарыс стратегиясына қатысты жұмыстар жүргізуде.
Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынынан кейін Қазақстан құрамасы дайындықтың келесі кезеңін Оңтүстік Кореяда жалғастырады. Кореядағы оқу-жаттығу жиыны спортшылардың халықаралық тәжірибесін арттырып, Азия құрлығындағы мықты садақшылармен бір ортада дайындалуына мүмкіндік береді.
Ұлттық құраманың басты мақсаты – ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, жоғары нәтижелер көрсету.
ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтеді. Қазақстан құрамасының сапындағы садақшылар құрлықтық додада ел намысын қорғауға дайындалып жатыр.
Алда спортшыларды маңызды жарыс алдындағы соңғы дайындық кезеңдері күтіп тұр. Ұлттық құрама өкілдері үшін әрбір оқу-жаттығу жиыны – басты додаға апарар жолдағы маңызды қадам.