Қазақстанның садақ атудан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяда оқу-жаттығу жиынын өткізеді

Қазақстанның садақ атудан ұлттық құрамасы Кореяда оқу-жаттығу жиынын өткізеді
5-22 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының садақ атудан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
Аталған оқу-жаттығу жиыны 2026 жылдың басты спорттық додаларының бірі – Азия ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Жиын барысында ұлттық құрама спортшылары жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтап, техникалық және тактикалық шеберліктерін жетілдіреді.
Ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылуда. 18 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында спортшылар Алматы облысындағы Олимпиадаға даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, дайындық жұмыстарын пысықтайды.
Осы жиыннан кейін құрама мүшелері дайындықтарын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалғастырады. Кореядағы оқу-жаттығу жиыны халықаралық деңгейдегі дайындық жағдайында тәжірибе жинақтауға, спортшылардың функционалдық және техникалық дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық құрама үшін алдағы кезеңнің маңызы зор. Жиындар барысында спортшылардың қазіргі спорттық формасы сараланып, Азия ойындары қарсаңындағы дайындықтың соңғы кезеңдері нақтыланады.
Оқу-жаттығу жиынының I кезеңі: 18 тамыз – 4 қыркүйек 2026 жыл, Алматы облысы, Олимпиадаға даярлау орталығы
Оқу-жаттығу жиынының II кезеңі: 5-22 қыркүйек 2026 жыл, Инчхон қаласы, Оңтүстік Корея