АЗИЯ КУБОГІНІҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САДАҚШЫЛАРДЫ АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫНДА САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

АЗИЯ КУБОГІНІҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САДАҚШЫЛАРДЫ АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫНДА САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ
Ирактың Сулеймания қаласында өткен садақ атудан Азия кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан Республикасының намысын абыроймен қорғап, ел қоржынына 10 медаль салған ұлттық құрама спортшылары Отанына оралды.
Халықаралық жарыста жоғары шеберлік пен табандылық танытқан отандық садақшылар Алматы қаласының халықаралық әуежайына келіп қонды. Қазақстандық спортшыларды әуежайдан туған-туыстары, жаттықтырушылары, әріптестері, жас спортшылар мен спорт жанашырлары ерекше ықыласпен қарсы алды.

Жүлдегерлерді күтіп алуға жиналған қауым үшін бұл күн ерекше қуаныш пен мақтанышқа толы болды. Спортшылар әуежайдан шыға салысымен жақындарының ыстық құшағына бөленіп, құттықтаулар мен ақжарма тілектерге ие болды. Жеңіске жеткен спортшылардың жүзіндегі қуаныш пен оларды күтіп алған жандардың толқынысы бұл кездесудің ерекше әсерлі сәттеріне айналды.
Қарсы алу рәсімі қазақы дәстүр мен ұлттық мәдениеттің әдемі үйлесімімен ерекшеленді. Қонақжай халқымыздың салтына сай спортшыларға ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдарымыздың бірі — бауырсақ пен қымыз ұсынылды. Бұл — елге жеңіспен оралған азаматтарға көрсетілген құрмет пен ақжарма ықыластың белгісі.
Сонымен қатар әуежайда домбыра мен баянның сүйемелдеуімен әсем әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй орнады. Ұлттық әуен мен қазақы ән-жыр спортшыларды салтанатты түрде қарсы алу рәсіміне ерекше сән берді. Жиналған қауым да қуанышқа ортақтасып, ел намысын қорғап келген садақшыларға қошемет көрсетті.
Айта кетейік, Ирактың Сулеймания қаласында ұйымдастырылған Азия кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы тамаша нәтиже көрсетті. Отандастарымыз классикалық және блочный садақ атудан жекелей, командалық және аралас командалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде:
🥇 3 алтын медаль;
🥈 5 күміс медаль;
🥉 2 қола медаль.
Осылайша, ұлттық құрама халықаралық додада жалпы саны 10 медаль жеңіп алып, Қазақстанның садақ ату спортындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жетістіктің артында спортшылардың күнделікті тынымсыз еңбегі, табандылығы, жоғары жауапкершілігі және жаттықтырушылардың кәсіби дайындығы тұр. Халықаралық аренада ел намысын қорғау — үлкен мәртебе болса, жеңіспен оралу — сол еңбектің жемісі.

Сондай-ақ спортшыларды әуежайда осындай ерекше құрметпен қарсы алу — олардың жетістіктеріне деген халықтың ықыласы мен қолдауының айқын көрінісі. Жақындарының қуанышы, жаттықтырушыларының мақтанышы және жас спортшылардың тағылым аларлық кездесуі бұл жеңістің маңызын одан әрі арттыра түсті.
Қазақстандық садақшылардың бұл нәтижесі елімізде садақ ату спортының дамып келе жатқанын және халықаралық жарыстарда бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Осындай жеңістер өскелең ұрпаққа үлгі болып, жас спортшылардың үлкен спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.

Жеңістеріңіз құтты болсын, Қазақстан құрамасы!
Ел мерейін асқақтатып, көк байрағымызды халықаралық аренада желбіреткен спортшыларымызға алғыс білдіреміз! Алдағы жарыстарда да толағай табыс, толассыз жеңіс, биік белестер мен жаңа рекордтар тілейміз!
Жеңіс жолы жалғаса берсін!