АСТАНА ҚАЛАСЫНДА САДАҚ АТУДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

АСТАНА ҚАЛАСЫНДА САДАҚ АТУДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ
2026 жылғы 3–9 желтоқсан аралығында Астана қаласында садақ атудан ересектер, юниорлар және жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Еліміздің үздік садақшылары бас қосатын республикалық дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.

Бір аптаға созылатын жарыс барысында спортшылар садақ атудың түрлі бағыттары бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды. Чемпионатқа еліміздің өңірлері мен қалаларынан келген спортшылар қатысып, жоғары нәтижелер мен жүлделі орындар үшін сынға түседі.
Аталған чемпионат — 2026 жылғы спорт маусымының қорытынды жарыстарының бірі. Бұл дода жыл бойы атқарылған жұмыстың нәтижесін саралап, спортшылардың дайындық деңгейін бағалауға, сондай-ақ алдағы маусымға жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар чемпионат аясында «Конгресс – 2026» іс-шарасы және жыл қорытындысына арналған салтанатты марапаттау кеші өткізіледі. Кеш барысында жыл бойы жоғары нәтиже көрсетіп, садақ ату спортының дамуына үлес қосқан үздік спортшылар мен сала өкілдерін марапаттау жоспарланып отыр.
Аталған іс-шаралар спортшыларды ұлықтап қана қоймай, садақ ату саласындағы жетістіктерді қорытындылауға, тәжірибе алмасуға және спорттың одан әрі дамуына бағытталған маңызды алаң болмақ.

Өтетін күні: 2026 жылғы 3–9 желтоқсан
Өтетін орны: Астана қаласы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы.
Барша спортшыларға сәттілік, дәлдік пен жеңіс тілейміз!