Орал қаласында садақ атудан ересектер, жастар және юниорлар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде өтті

Орал қаласында садақ атудан ересектер, жастар және юниорлар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ іс-шараға жергілікті лауазымды тұлғалар мен садақ ату федерациясының әр өңірден келген президенттері қатысты.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Маратұлы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Есентайұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында олар чемпионатты ресми түрде ашық деп жариялады.
Сонымен қатар, чемпионатты ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан жергілікті федерация қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Ашылу салтанаты әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасып, елімізге танымал өнер жұлдыздары өз өнерлерін тарту етті. Кештің шарықтау шегі ретінде әсем отшашу ұйымдастырылып, чемпионаттың ашылуына ерекше сән-салтанат сыйлады. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсетіп, қажетті жағдай жасаған Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымызды айтамыз. Сонымен қатар, отандық спортты дамытуға қолдау көрсетіп келе жатқан «Самұрық-Қазына» қоры, Спорт қоры (Sport.qory), «ВД Строй» компаниясы, Aspan Holding және Esentai Holding компанияларына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.